26 наурыз - Оқу және жазу мәдениетінің күні
Индер ауданы, "Көктем" қазақ орта мектебі
"Рухани жаңғыру" бағдарламасының Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшу жөніндегі Жол картасы аясында әзірленген "Дәстүр мен ғұрып" жобасын іске асыру мақсатында атқарылатын іс-шара жоспарына сай
"Ulttyqbrand" сағаты: Оқу және жазу мәдениетінің күніне орай "Ұлттық құндылықтар - тәрбие негізі" тақырыбында эссе байқауы жарияланды!
Мақсаты:
Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді насихаттау;
Көктемгі каникул кезінде оқушылардың сапалы және қауіпсіз демалысын ұйымдастыру.
10 "А" сынып оқушысы - Саметова Баян
" Ұлттық құндылықтар - тәрбие негізі "
Тарихқа үңілер болсақ әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеу тәсілі болатынын білеміз. Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікір қорытындылар түйіні бар. Ал ол жазу-сызудан, оқу құралынан, ауыз әдебиетінен, ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, бір сөзбен айтқанда мәдени мұраларынан өзекті орын алып, көрініс береді. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес.
Адам баласы қашанда тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағы баянды болу үшін қажет. Сондықтан да алдымен, бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек. Әр ұлттың баяғы заманнан келе жатқан тәрбиелеу жүйесінің өзіндік жолы бар. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады. Сондықтан оны рухани тұрғыда ұлт тағдырымен байланыстыра отырып, бүгінгі қоғам келбетімен санаса отырып, алға бастыру қажет.
Тәрбие негізі – ұлттық үрдісте. Халқымыздың мәдениеті ұлттық ерекшелігімен қасиетті де қадірлі. Жаңа ғасыр бастауында әлемдік мәдени сұхбат пен өркениеттердің ұлы тоғысуы дүниежүзілік даму процесінің ең басты критерийлеріне айналып отырғанда, ұлттық идеяны әлемдік өркениетпен өзара үйлестіру мәселесі заман ағымына сай туындаған өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне қойылып отыр. Сондықтан мәдени дамудың шыңына жетіп, өркениетті елге айналу халқымыздың табиғи қасиеттеріне, күш-қуатына, менталитетіне, даналығына, көрегендігіне, қабілетіне және т.б. ұлттық ерекшеліктерімен тығыз байланысты болмақ.
Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы; өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер; қазақтардың поэзиясы; туыстық қарым-қатынастар; қонақжайлылық, тектілік, т.б.
Әсіресе қазақтың шешендік сөздері тәрбие берудің аса қасиетті де құнарлы қаруы болып табылады.
Болашақ дамуы мәдениетке сүйенген құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты. Себебі құндылықтық қатынас арқылы барлық нәрсенің маңыздылығын айқындауға болады. Ал адамды басты құндылық деп қабылдайтын ұлттық тәрбие әрдайым жоғары тұрады.
Ғасырлар тоғысында, жаңа мыңжылдықта өткен тарихи-мәдени жолды зерделеп, болашақты болжау қалыпты жағдай. Өткенді сана толқысынан, ой таразысынан өткізбейінше, болашақты анық бағдарлау мүмкін емес. Халықтың алға басуы тек саяси-экономикалық ахуалға ғана емес, оның руханилығына да тікелей байланысты.